Түркістан облысының полицейлері жоғалған 57 жастағы әйелді тапты
Түркістан облысының полицейлері жоғалған 57 жастағы әйелді тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын әйел арызданған. Онда өзінің тұрғын үйінде бірге тұратын сіңілісі кешкі сағат 18:00 шамасында заттарын алып, белгісіз бағытқа кеткендігін көрсеткен. Басқа туыстарының үйіне кеткен болар деген болжаммен, жоғалған әйелді жақындары екі күн бойы іздемеген. Алайда ешқандай туысының үйінде болмағанын білген соң, бірден полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
Осы оқиға бойынша тәжірибелі полицейлер жұмылдырылып, жедел іздестіру кешені жүргізілді. Жоғалған егде жастағы әйелдің барлық таныстары мен туыстарының үйінен іздестіруге кіріскен полиция қызметкерлері оны қала аумағындағы саябақтардың бірінен тапқан. Анықталғандай әйел үйден отбасылық жанжалдан кейін кеткен.
Сіңілісімен аман-есен жүздескеніне қуанған әпкесі полицейлерге өз алғысын айтты. Ол: – Сіңлімді аз уақыт ішінде тауып берген полиция қызметкерлеріне дән ризамын. Отбасыларына амандық тілеймін.Жұмыстары алға баса берсін!, – деп тәртіп сақшыларына риясыз көңілдерін жеткізді.