Түркістан облысының полицейлері жоғалған 7 жастағы баланы тапты
Түркістан облысының полицейлері жоғалған жеті жастағы баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Әйел өз сөзінде, көрші ауылдағы сіңлісінің үйіне ұлымен қыдырып барғанын, осы сәтте 2014 жылғы ұлы өзге балалармен ойнап жүріп, аяқасты хабар-ошарсыз кеткенін жеткізеді. Тапа-тал түсте ұлын ұшты-күйлі жоғалтып алған ана, бар үміті полицейлерде екенін хабарлайды.
Бұл жайтты бәйдібектік полицейлер, бірден тіркеуге алып, бұл ауылдың ой-қырын толық білмейтін жоғалған баланы іздеп табу үшін сол аумаққа бекітілген учаскелік инспекторлар жұмылдырылды. Екі учаскелік инспекторлардың екі жақтап жедел-іздестіруінің арқасында жеті жастағы жеткіншек 1,5 сағатта табылды. Белгілі болғандай жоғалған бала көше бойында ойнап жүріп, адасып кеткен. Қазіргі таңда бала жақындарына қайтарылды. Ұлымен аман-есен қауышқан анасы, баланы іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен полиция қызметкерлеріне ізгі ықыласын білдіріп, рақметін айтты.
– Күндізгі уақытта баламды ойнап жүрген жерінен таппай қалдым. Ары іздеп, бері іздеп таппаған соң полицейлерге хабарластым. Ал полицейлер баламды дер кезінде тауып берді. Полиция қызметкерлеріне үлкен рақметімді айтамын! – деді анасы.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға балаларыңызға абай болыңыздар, сыртқа шыққанда қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді.