Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері жоғалған ағайындыларды тауып, ата-анасына тапсырды

Түркістан облысының полицейлері жоғалған ағайындыларды тауып, ата-анасына тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, 10 жастағы қызы мен тоғыз жасар ұлын таппай қалғанын, енді бар үміті полицейлерде екенін айтып, жәрдем сұрады. Жұмыстан кешкі 17:00 шамасында келген әйел, үйде балаларының жоқ екенін көріп, бір сағаттай күтіп, болмағасын іздеуге өзі шығады. Бірнеше сағат іздеп, таба алмағасын, полицейлерге хабарлайды.

Екі кештің арасында Бәйдібек ауданындағы жанұялардың бірінің екі бірдей балалары жоғалғанын білген тәртіп сақшылары, бірден әрекетке көшті. Жоғалғандар кәмелетке толмаған балалар болғанына байланысты жеке құрам толық жиналып, топ-топқа бөлініп, іздестірді. Куәгерлерден сұрастырды, көше-көшені, әрбір үйді ретімен мұқият қарап шықты. Бір сағатқа созылған полицейлердің іздестіруі оң нәтиже берді. Белгілі болғандай, балалар көршілерінің бірінің үйінде ойнап отырған. Осылайша полицейлер, балақайларды отбасына аман-есен қайтарды.

Өз кезегінде ақ жаулықты ана тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын жеткізді.

– Қараңғы түскен уақытта балаларымды таппай қалдым. Қазіргі кезде қоғамымызда түрлі жағдайлар орын алып жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Қатты қорықтым, бірдеңе боп қалды ма деп?! Десек те, полицейлер жарады. Екі баламды да аман-есен тауып берді. Өзім де іздедім, бірақ таба алмадым. Ал, полицейлер қысқа уақыт ішінде перзенттеріммен қауыштырды. Жұмыстарына табыс тілеймін!, – деп өзінің жүрекжарды сөзін арнады.


Түркістан облысының полицейлері азаматтарға кішкентай ұл-қыздарыңызға мұқият болып, оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру