Түркістан облысының полицейлері жоғалған ер адамды тапты
Түркістан облысының полицейлері жоғалған ер адамды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес аудандық ПБ-ға жас әйел арызданып, некедегі күйеуін бірнеше күннен бері таппай жатқанын хабарлаған. Әйелдің айтуынша, күйеуі ұялы телефонын үйіне тастап, өзі белгісіз бағытқа шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Алғашқы 2-3 күнде жақындары туыстарының, достарының үйінен іздеп, әрекеттенген. Алайда іздеулері сәтсіз аяқталған соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары бірден тіркеуге алды. Азаматты табу үшін учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдер жұмылдырылды. Олар жоғалған ер азаматты тез арада табу мақсатында көлік жүргізушілерінен, куәлардан оның баруы мүмкін дос-туыстарынан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Екі аптаға жуық жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде келестік полицейлер азаматты Түркістан қаласында жұмыс жасап жүрген жерінен анықтады.
Белгілі болғандай, ер адам үйінен шығып, досымен «Сырдария» өзені бойына балық аулауға барған. Одан ары Түркістан қаласына кетіп, сонда құрылыс жұмыстарын жасап жүре берген.
Осылайша, тәртіп сақшылары аталған азаматты облыс орталығынан тауып, аман-есен үйіне жеткізді. Әйелі күйеуінің дін-аман табылғанына қуанып, полицейлерге оның ішінде Келес АПБ КПБ жедел уәкілі Болат Құрманқұловқа ерекше алғысын жеткізді.