Түркістан облысының тұрғындары мал сатамыз деп алаяқтарға алданып қалды
Түркістан облысының тұрғындары мал сатамыз деп алаяқтарға алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-ға төрт бірдей тұрғын арызданды. Олардың айтуынша, алыс танысы болып келетін үш жігіт малдарын қымбат бағаға сатып береміз деп сенімдеріне кіріп, қарызға сатып алған. Алайда олар айтқан уәдесін орындамаған, не малдарын қайтарып бермеген. Арызданушыларды әбігерге салған. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі төрт млн теңгеге жуықтаған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Осындай алаяқтық жолмен тұрғындарды алдап, өзінің құрығына түсірген үш жас жігітті ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Куәлардан жауап алынып, күдіктілердің болуы мүмкін жерлер мұқият тексерілді.
Тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде, екі күдікті Ақтау қаласынан ұсталды. Ал бір күдікті іздестіріліп жатыр. Жауап алу барысында күдікті азаматтардың қарызға алған малдарын сатып жіберіп, ақшасын бас пайдаларына жаратқандары белгілі болды.
Қазіргі таңда ұсталған екі күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.