Түркістан облысының тұрғыны интернет-алаяқтықпен айналысқан
Қызылорда облысының полицейлері интернет-алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 қаңтар күні қызылордалық полицейлер тағы бір интернет-алаяқты қолға түсірді. Оңай олжаға кенелгісі келген алаяқ «OLX» қосымшасы арқылы танысқан азаматқа «үйіңнің кірпішін қалап беремін» деген уәдені үйіп-төгіп беріп, оның 400 000 теңгесін қалтасына басқан.
Алайда уәде етілген жұмыс орындалмағандықтан, Шиелі ауданының тұрғыны полицияға жүгінуге мәжбүр болған.
Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмысты жасауға күдікті ретінде Түркістан облысының 32 жастағы тұрғыны ұсталды.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.