Түркістан облысының тұрғыны көршісінің сиырларын ұрлап, гаражына қамап қойған
Түркістан облысының тұрғыны көршісінің сиырларын ұрлап, гаражына қамап қойған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның Шұбар ауылының оңтүстік батыс беткейінде мал жайылымында жүрген бұзаулы сиыры белгісіз жағдайда жоқ болған. Кешкісін өрістен келмеген ірі-қара малдарын іздеп шыққан тұрғын бірнеше сағат біраз жерлерді қарап шығады. Алайда іздеу шаралары оң нәтиже бермеген.
Содан учаскелік полиция инспекторына хабарласып, малын табуға жәрдем беруін сұрайды. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 450 мың теңгені құрады. Аталған хабарламаға байланысты оқиға орнына АПБ Ордабасы ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы Нұрқұлан Қасымов шұғыл жетіп, жедел-іздестіру шараларына кірісіп кетті.
Тәртіп сақшысы өзінің қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлік көрсетіп, бас-аяғы үш сағаттың ішінде ұрлықтың «ізін суытпай» ашты.
Күдікті ретінде жәбірленушінің ауылдасы, бұрын бірнеше рет сотты болған ер адам ұсталды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.
Анықталғандай, тұрғынның екі бас сиырын ауылдасы жайылымнан ұрлап әкетіп, өзінің тұрғын үйінің ауласындағы гаражға қамап қойған. Күдіктінің гаражынан ұрланған сиырлар сол сәтте айғақты зат ретінде тәркіленді. Күдікті қамауға алынды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жәбірленуші учаскелік инспектор Н.Қасымовқа аз уақыттың ішінде ұрланған малдарын тауып бергені үшін алғысын білдірді.
– Бұзауы мен сиырымды бүгін ұрлаттым, бүгін таптым. Бұның барлығы полицейлердің жұмысының нәтижесі. Соның ішінде учаскелік полицейге айтар алғысым шексіз, – деп атап өтті тұрғын.