Түркістан облысының тұрғыны жоғалған 100-ден астам қойын тауып берген полицейлерге алғыс айтты
Түркістан облысының тұрғыны жоғалған 100-ден астам қойын тауып берген полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауран ауданының тұрғыны жоғалған қойларын қайтаруға көмектескен учаскелік полиция инспекторларының жедел және сапалы жұмысы үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Нақтырақ айтсақ, полиция бөліміне ауыл тұрғындарының бірі арызданып, күндізгі уақытта жайылымда жүрген 100-ден астам ұсақ малы жоғалғанын жеткізді. Хабарламаны алған сәтте оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары шықты. Тәртіп сақшылары бірден іздеуге кірісіп, жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды қарап шықты.
Жүйелі жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер, үш тәулік ішінде жайылымнан 20 шақырым қашықтықтан, яғни көрші ауыл маңындағы даладан жоғалған қой отарын тапты. Полиция қызметкерлерінің кәсібилігінің арқасында табылған ұсақ малдар аудан тұрғынына қайтарылды.
Өз кезегінде егде жастағы ауыл тұрғыны Сауран ауданының полицейлеріне жоғалған қойларын қысқа мерзім ішінде тауып бергені үшін алғысын білдірді.