Түркістан полицейлері алаяқтық жолмен алынған ойын құрылғысын иесіне қайтарды
Түркістан полицейлері алаяқтық жолмен алынған ойын құрылғысын иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғынның бірі алаяқтық қылмысы туралы арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, одан белгісіз біреу хабарландыру сайты арқылы Play Station ойын құрылғысын жалға алған. Алайда келесі күні жалға алушы бөтеннің мүлкін қайтармайды, тіпті байланысқа шықпай қойған.
Алаяқтық жолмен ұрланған техниканың құны – 350 мың теңге. Оқиға бойынша алаяқтың құрбаны болғанын түсінген жас жігіт полициядан көмек сұрады.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, күдіктіні іздеуге кірісті. Қылмысты ашу мақсатында барлық қажетті іс-шараларды жүргізді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдікті Тараз қаласының тұрғынын анықтады. Ол өзінің заңсыз іс-әрекетін мойындады. Тәртіп сақшылары күдіктіден айғақты зат ретінде ойын құрылғысын алып, заңды иесіне қайтарып берді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Тергеу алаяқтың басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатыстылығын анықтайтын болады.