Түркістан полицейлері 10-нан астам пәтер ұрлығына қатысы бар жігітті қолға түсірді
Түркістан полицейлері 10-нан астам пәтер ұрлығына қатысы бар жігітті қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын пәтер ұрлығы туралы арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның үйіне терезе арқылы белгісіз азамат кіріп, ақша мен автокөлік доңғалақтарын және жинақ сандықшасын (копилка) ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 700 мың теңгеге жуық. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша тіркелді. Ұрлықты ашу мақсатында тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастырды, сондай-ақ бейнебақылау камераларын тексерді.
Біршама уақыттан кейін жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады. Тергеу барысында күдіктінің осындай 10-нан астам пәтер ұрлығын жасап, жалпы жәбірленушілерге төрт миллион теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды. Қолды болған заттардың барлығы айғақты зат ретінде тәркіленіп алынып, заңды иелеріне қайтарылды.
Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталған күдікті азаматтың Түркістан қаласының аумағында осындай басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сіздің мүлігіңізге қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін терезелер мен есіктерді темір торлармен және сенімді құлыптармен бекіту керек. Үйден шықсаңыз, тіпті аз уақытқа болсын сыртқы есіктері мен терезелерін сенімді жауып жүріңіз.