Түркістан полицейлері 40 тонналық контейнер ұрлаған ер адамды ұстады
Түркістан полицейлері 40 тонналық контейнер ұрлаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз тұлғалар оның құрылыс жүріп жатқан үй ауласына кіріп, 40 тонналық екі контейнерін ұрлап кеткен.
Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 300 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Ұрлықты ашу мақсатында Төлеби АПБ-нің полиция қызметкерлері кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Тәртіп сақшылары қылмыс орнын мұқият тексеріп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан жауап алды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері ұрлық жасаған орта жастағы ер азаматты ұстады. Ұсталған ер адам жәбірленушінің көршісі болып шықты.
Анықталғандай, күдікті бұл қылмысын алдын ала жоспарлап, ұрланған контейнерлерді сатып жіберген. Ал ақшаны өз қажеттілігіне жаратқан. Қазіргі уақытта аталмыш ұрлық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері ұсталған ер адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.