Түркістан полицейлері базарда телефон ұрлаған әйелді ұстады
Түркістан полицейлері базарда телефон ұрлаған әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы жылдары телефон ұрлығы туралы жиі айтылып жүр. Қоғамның дертіне айналып бара жатқан бұл қылмыс бойынша өткен жылы Түркістан қаласында бес жайт тіркелсе, осы жылы төрт дерек тіркелді.
Мәселен, Түркістан ҚПБ-ға ауыл тұрғыны хабарласып, ұрлықтың құрбаны болғандығы туралы арыз түсірген. Оның айтуынша, базарда орналасқан дүкендердің бірінде белгісіз біреу Samsung J5 телефонын ұрлап кеткен. Жәбірленуші әйелге келтірілген шығын көлемі – 63 мың теңге.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Орын алған ұрлық қылмысы бойынша полицейлер жедел оқиға орнына жетті. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын қарап шықты.
Соның нәтижесінде, полицейлер небәрі үш сағаттың ішінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Учаскелік полицейлер күдіктіні Түркістан ҚПБ-ға жеткізді. Ұсталған әйелден айғақ зат ретінде телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Полицейлермен анықталғандай, жәбірленуші дүкендердің бірінде телефонын ұмытып кеткен. Одан кейін дүкенге кірген күдіктінің қараусыз жатқан телефонға көзі түсіп, ешкімнің байқамағанын пайдаланып, ұрлаған. Осылайша арам ойын жүзеге асырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.