Түркістан полицейлері есірткі қылмысы бойынша 3 бірдей күдіктіні ұстады
Түркістан полицейлері есірткі қылмысы бойынша үш бірдей күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының (ЕҚҚІҚБ) қызметкерлері бір апта ішінде есірткі қылмысы бойынша үш бірдей күдіктіні құрықтады. Олардың екеуі есірткіні сатса, үшінші ұсталған адам есірткіні үйінде сақтаған.
Нақтырақ айтар болсақ, Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғындардың бірінің есірткіні заңсыз өткізумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түсті. Хабарламада күдіктінің Сарыағаш ауданы тұрғындарының біріне марихуана сатқаны айтылған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша тіркеді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ЕҚҚІҚБ-ның полицейлері есірткі сату қылмысына күдікті ретінде Сарыағаш қаласының бұрын сотты болған тұрғынын қолға түсірді. Жедел уәкілдер ұсталған адамның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде үйінің ауласында орналасқан қорадан қағазға оралған есірткіге ұқсас затты тауып алып, тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 4 грамға жуық марихуана болып шықты.
Бірер күн өткеннен соң дәл осындай есірткіге байланысты бірнеше жайт облыста тіркелді.
Мәселен полицейлермен жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде Бәйдібек ауданында өз үйінде үш келіден астам марихуана сақтаған, ал Сайрам ауданында марихуана сатқан ер азамат ұсталды. Оның да тұрғылықты мекенжайынан 2 грамнан астам марихуана тәркіленді. Осы аталған үш жайт бойынша күдіктілер қамауға алынды.
Бәйдібектік күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы бойынша, ал Сайрамда ұсталған күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері есірткінің заңсыз айналымы мен таралуына байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.