Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан полицейлері төтенше жағдай кезінде күшейтілген күн тәртібімен қызмет етуде

Түркістан полицейлері төтенше жағдай кезінде күшейтілген күн тәртібімен қызмет етуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл жайында Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының ұйымдастыру аналитик аға инспекторы Ердәулет Мұсаев жеткізді.

– Өздеріңізге белгілі, елімізде орын алған келеңсіз жағдайларға байланысты ҚР Президентінің 2022 жылғы 5 қаңтардағы №742 Жарлығымен Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілді. Осыған орай түркістандық тәртіп сақшылары күшейтілген күн тәртібіне көшті. Ал Жедел басқару орталығындағы қызметкер ретінде мұндағы ахуалды айтсам, барлық еңбек демалысындағы және еңбекке жарамсыздық парағын аштырған полицейлер тез арада жұмысқа түсті. Бізде әдетте қызметкерлер бір күн кезекшілікке түсіп, екі күн демалса, қазіргі таңда жағдай басқаша. Тіпті бірқатар қызметкерлер бір аптадан бері жұмыс орнында бейнебақылау камераларын үзіліссіз бақылап отыр. Яғни, полицейлер қаладағы барлық көшелерді камералар арқылы күзетіп отыр. Себебі еліміздің басқа өңірлерінде алаңға шыққан қарапайым халықтан бөлек, бүлік шығарғандар анықталып жатыр. Ал Түркістан облысында жағдай бірқалыпты. Елдің амандығы, тыныштығы үшін біз алты тәуліктен бері жұмыс орнымызда тапжылмастан, қандай да бір құқық бұзушылықты болдырмау, алдын алуда қызметтеміз. Ең бастысы – халықтың тыныш ұйықтауы. Осы бағытта шаршамай, сын сағатта өз ісімізді асқан жауапкершілікпен атқаруымыз қажет, – деп атап өтті ол.

Түркістан облысында да бірнеше рет тұрғындар жиналды. Алайда облыстың бас полицейінің өзі халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мысалы, 4 қаңтар күні кешкі сағат 17:15 шамасында 30 шақты тұрғынның қаладағы теміржол вокзалы маңында жиналғаны Жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы анықталды. Оқиға орнына жедел шыққан полицейлер тұрғындарға барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тарқатты.

Дәл осындай жағдай 5 қаңтар күні де орын алды. Нарық қысып, күнкөрісі төмендегенін айтқан тұрғындар Есімхан алаңы мен Ремзауыт аумағында шоғырланды. Осы сәтте облыстың бас полицейі Қайрат Дәлбековтің өзі оқиға орнына шығып, халықпен ашық диалог орнатты. Мөлтекаудан ақсақалдарымен тілдесіп, бірлесіп жұмыс жасады. Жиналған көпшілікке түсіндірді, соңында бейбіт түрде тарқатты. Осылайша өздерінің әлеуметтік қымбатшылыққа қатысты наразылықтарын білдіріп шыққандар тез арада таратылды.

Бүгінде Түркістан облысында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке құрам толық құрамда жұмылдырылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың уақтылы алдын алу, жолын кесу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында, Жедел штаб құрылды. Түркістан қаласына кіреберіс-шығаберіс аумақтарына арнайы блок-бекеттер қойылды. Жан-жақты жұмыстар атқарылуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру