Түркістан полицейлері тұрғынның көлігін заңсыз айдап кеткен ер адамды ұстады
Түркістан полицейлері тұрғынның көлігін заңсыз айдап кеткен ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын келіп, шағым түсіреді. Жәбірленушінің айтуынша, ол Шымкент қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына келе жатады. Сол кезде Түлкібас жақтан белгісіз азамат тоқтатып, көлікке отырады. Содан жүргізуші жол бойында тұрған асханаға тоқтап, тамақ ішуге түседі. Осы сәтте көлікте отырған жолаушы ер азамат жәбірленушінің Toyota Alphard актокөлігін заңсыз айдап кеткен.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркеді.
Өзгенің көлігін айдап кеткен күдіктіні ұстау мақсатында аудандық полицейлерден арнайы топ құрылып, оқиға орнына жетеді. Жәбірленушінің көлігін мұқият іздестіріп, жақын аймақтарды аралап шығады. Нәтижесінде полицейлер күдіктіні Бәйдібек ауданынан ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Анықталғандай, күдікті Шымкент қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Күдікті ер азамат арам ойын іске асырып, діттіген жеріне жеткен.
Белгілі болғандай, ұсталған азамат бұған дейін де алаяқтық, ұрлық қылмыстарымен сотты болған. Бүгінде күдікті қамауаға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарды қашанда сақ болуға, өзіңізге жақын таныс емес азаматтармен абайлап қарым-қатынас жасауға шақырады. Осындай оқыс жағдайға тап болсаңыз немесе куәгері болсаңыз, шұғыл полицияның «102» телефонына хабар беріңіз.