Түркістан полицейлері жасөспірімнің телефонын заңсыз иемденген қаскүнемді әшкереледі
Түркістан облысының полицейлері кәмелетке толмаған баланың телефонын тартып алған жас жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал ауданының ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның кәмелетке толмаған ұлынан белгісіз біреу “ОРРО А12” маркалы ұялы телефонын алдап тартып алып, баласының қарсылығына қарамастан белгісіз көлікке мініп кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 100 000 теңгеге жуық.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) тіркеді. Мақтаарал ауданының ПБ қызметкерлері дереу оқиға орнына жетіп, оқиғаның мән-жайын анықтады. Өткізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті азамат ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып табылатын жұмыссыз жас жігіт болып шықты.
Тергеу барысында күдіктінің 14 жастағы баланың ұялы телефонын әлеуметтік желіге кіру үшін сұрап алғаны анықталды. Сосын қаскүнем жас баланы сөзге алдандырып, басқа жаққа жұмсаған. Алайда бала қайтып келгенде ұялы телефонын алған жігіт көлікке мініп кетейін деп жатқан. Осы сәтте бала телефонын қайтаруды сұрағанымен, күдікті оның сөзіне құлақ аспай, кетіп қалған.
Ұсталған азаматтан ұялы телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.