Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан полицейлері жоғалған сыныптас екі қызды тауып, отбасына қайтарды

Түркістан полицейлері жоғалған сыныптас екі қызды тауып, отбасына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ-ға Сауран ауданының тұрғындары арызданып келген. Арызданушы екі әйелдің айтуынша, олардың бір сыныпта оқитын жасөспірім қыздары таңертең сағат 11:00 шамасында сабаққа барып келеміз деп үйінен шығып, содан оралмаған. Оқиға жасөспірімдерге және адам өміріне қатысты болғандықтан, полицейлер уақыт жоғалтпастан бірден толық құрамда іздеуге жұмылдырылды. Кәмелет жасына толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция тобының қызметкерлері іздеуге кірісті.

Тәртіп сақшылары жоғалған қыздарды тез арада табу мақсатында сыныптастарының үйлерін жеке-жеке аралап, мектеп басшыларымен байланысты. Және де білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Түркістан ҚПБ-ның жеке құрамына бағыттама беріліп, Түркістанда орналасқан мейрамхана, кафе-бар, сауда орындары мұқият тексерілді. Жолаушы тасымалдаушыларға суреттері көрсетіліп іздестірілді. Сонымен қатар, жақын араласатын құрбыларының ортасын анықтау шаралары жүзеге асырылды. Осылайша хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімдердің жүрген жерін анықтау үшін полицейлер бір тәулік бойы үзіліссіз жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде келесі күні түске таяу қыздардың жүрген жері анықталды.

13 жастағы жасөспірім қыздар Ордабасы ауданы Темірлан тас жолы бойында Түркістан-Шымкент бағытында кетіп бара жатқан жолаушылар көлігінен табылды. Қазіргі таңда жасөспірім қыздар ата-анасына аман-есен табысталды.

Полиция қызметкерлерімен анықталғандай, жоғалған қыздың бірі отбасында орын алған түсінбеушіліктен соң, үйінен шығып кеткен. Және құрбысы оған қолдау білдіріп, екеуі Түркістан қаласына келген. Осында пәтерлердің бірін жалдап, түнеп шыққан. Одан ары таң атқан соң, Шымкентке қыдыруға бара жатқан. Сонымен қатар, қыздың біреуінің қолындағы ұялы телефонда анасының мобильді банк қосымшасы болған. Жасөспірімдер сондағы ақшадан жаратып отырған. Осылайша тәртіп сақшылары ұялы телефоннан ақша аударылған мекенжайларды анықтап, түні бойы кірпік ілместен қызмет атқарудың барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы  жасөспірімдерді аман-есен тапты. Өз кезегінде қыздардың дін-аман табылғанына қуанып, ата-аналары полицейлерге алғысын білдірді.

Аталған жайтқа байланысты жасөспірімдердің ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру