Түркістан полицейлері жоғалған жігітті Шымкенттен тапты
Түркістан полицейлері жоғалған жігітті Шымкенттен тапты , – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын 19 жастағы ұлының жоғалып кеткені туралы арыз түсірген. Қала тұрғыны жоғалған баласын өз күшімен іздегенімен, нәтиже болмағандықтан полицияның көмегіне жүгінген. Полицейлер бұл жайтты бірден тіркеп, жоғалған жеткіншекті іздеуге кірісті.
Қажетті іс-шараларды жүргізіп, куәгерлерден жауап алып, жас жігіттің баруы мүмкін деген жерлерді тексерді. Түркістандық тәртіп сақшылары бірнеше күн бойы атқарған жұмыстардың нәтижесінде жоғалған жігітті Шымкент қаласындағы көлік жуу орындарының бірінен жұмыс істеп жүрген жерінен тапты.
Анықталғандай, ол отбасылық жанжалға байланысты үйінен кетіп қалған.
-Мен ұлымның жоғалуына байланысты полиция бөліміне хабарластым. Бүгін менің балам табылып, үйге оралды. Полицейлерге көп рақмет! – деп ұлы аман-есен табылған ана өзінің шынайы ризашылығын жеткізді.