Түркістан полицейлері жүк көлігінің бөлшектерін жымқырған екеуді ұстады
Түркістан облысының полицейлері жүк көлігінің бөлшектерін жымқырған екеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық ПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Ер адамның айтуынша, түнгі уақытта сағат 01:00 шамасында оның тұрғын-үйінің жанында тұрған жүк көлігінің бөлшектерін белгісіз біреу жасырын түрде жымқырып кеткен.
Жәбірленуші азаматқа келтірілген шығын көлемі 700 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.Бөтеннің мүлкін жымқыру қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында қалалық полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары куәлардан жауап алып, жақын аумақтарды мұқият қарап шықты. Жан-жақты тексеру жұмыстары барысында алынған ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде екі жігіт ұсталды.
Белгілі болғандай күдікті екеу жұмыстарымен жүргенде, жәбірленушінің үйінің алдында тұрған жүк көлігіндегі пайдаға асатын құралдарға көздері түседі. Кейіннен ақша қажет болғандықтан, арам ойларын іске асырады. Яғни түнгі уақытта арнайы көлікпен келіп, ұрлыққа түскен. Содан жүк көлігіне тиесілі бөлшектерді темір сатып алатындарға небәрі 12 мың теңгеге сатып жіберген. Бүгінгі күні барлық ұрланған көлік бөлшектері айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері ескертеді, барлық құнды заттарыңызға барынша сақ болыңыз. Үйлеріңізге, аулада орналасқан қандай да бір қоймаларыңыздың есігіне мықты құлыптар салып, бекітіп жүріңіздер. Егер, сіз де, ұрлық қылмысының құрбаны не куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.