Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан қаласының полицейлері жол ережесін қайта бұзған мас жүргізушілерді ұстады

Түркістан қаласының полицейлері жол ережесін қайта бұзған мас жүргізушілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, тәртіп сақшылары күнделікті рейдтік жұмыстарды жүргізуде. Осындай қызмет атқару барысында Түркістан ҚПБ ЖПҚ патрульдік полиция қызметкерлері облыс орталығы көшелерінің бірінде «BMW» маркалы автокөлікті тоқтатты. Құжаттарын тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің мас күйде екендігінен күдіктенді. Осылайша жол ережесін бұзушыны медициналық куәландыруға жеткізіп, қорытындысына сәйкес «орта» дәрежелі мас халде болғаны анықталды.

Сонымен қатар, құқық бұзушылықты жасаған күдікті 2020 жылдың күзінде сот шешімімен жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған. Бірақ соған қарамастан, ол жол ережесін қайталап бұзып, мас күйінде көлік жүргізген. Осыған байланысты оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін күдіктіні Түркістан қалалық ПБ-не жеткізді.

Түркістан қаласының полицейлері осындай жайтпен, тағы бір мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтады.

Түркістан ҚПБ кезекші бөліміне облыс орталығы көшелерінің бірінде жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген патрульдік полицейлер «ВАЗ» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасағанын анықтады. Жол апатына кінәлі полицейлер медициналық куәландыруға жеткізілді. Сараптамаға сәйкес, жас жігіттің спирттік ішімдік ішумен қатар, есірткі затын қолданғаны да анықталды.
Сондай-ақ, бұрын Ақтөбе қалалық сотының шешімімен күдіктіні ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйде көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамға беруі) бойынша үш жыл мерзімге жүргізуші құқығынан айырғаны белгілі болды. Алайда жасаған қателігін қайталап, «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде рульге қайта отырып, ЖКО жасады.

Қазіргі уақытта осы жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберілуі) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілердің бас шарасы қолхатта.

Түркістан облысының полицейлері мас күйінде көлік жүргізген жолаушылар үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылғанын ескертеді.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары тұрғындарға жолда абай болуға, жол ережесін сақтауға, ең бастысы алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде көлік жүргізбеуге кеңес береді. Жүргізушілер есіңізде болсын: Жол қателіктерді кешірмейді!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру