Түркістан тәртіп сақшылары тұрмысы төмен отбасыға көмектесті
Түркістан тәртіп сақшылары тұрмысы төмен отбасыға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа 2022 жылға аяқ басқан уақытта Түркістан қаласының тәртіп сақшылары тұрмысы төмен отбасыға көмектесті. Полицейлер бірден ұйымдасып, өз еріктерімен қаржыларын жинақтап, жалғызбасты ананы қуанту үшін үйге қажетті азық-түлік себетін жинақтады. Ал балаларына арнап мерекелік сыйлықтар алды.
Осылайша, Түркістанның тәртіп сақшылары жинақтаған тартуларын қолдарына ұстап, науқас болса да төрт бірдей баланы пәтер жалдап, жалғыз өзі бағып, жетілдіріп отырған батыр ананың шаңырағына барды.
Мерекелік ізгі-тілектерін жеткізіп, арнайы дайындаған азық-түлік себетін анаға, ал тәттілер толы сыйлықтарды балаларға табыстап, қуантты.
Отбасының жағдайын ескеріп, көңіл бөліп, сыйлықтар әкелген тәртіп сақшыларына мұқтаж ана риясыз ризашылығын жеткізді.
– Сіздерге көп-көп рақмет! Осылай үнемі көмектесіп, келіп тұрасыздар. Алла разы болсын. Денсаулық тілеймін. Алғысым шексіз!, – деді жүзі мейірімге толы ана.
Айта кететін жайт, мұндай шара Түркістан полицейлерімен алғаш рет ұйымдастырылып жатқан жоқ. Ай сайын Полиция басқармасындағы құрылымдар өздері бірігіп, учаскелік полицейлерден мұқтаж отбасылардың мекенжайын алып, осындай сый-сияпаттарын үлестіріп тұрады.