Түркістан тұрғыны велосипедті ұрлап, сатпақшы болған
Түркістан тұрғыны велосипедті ұрлап, сатпақшы болған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын Stells велосипедінің ұрланғаны жөнінде арызданған. Жәбірленуші тұрғынның айтуынша, оның дәмхана жанына қойып кеткен 60 мың теңгелік велосипедін белгісіз біреу жымқырып кеткен. Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, велосипед ұрлаған ұрыны іздеуге кірісті.
Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәлардан жауап алып, дүкен мен көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді. Полицейлер жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, күдіктіні бір тәулік ішінде ұстады.
Белгілі болғандай, күдікті айналасында ешкімнің жоғын біліп, өз арам ойын жүзеге асырған. Бүгінде айғақты зат ретінде алынған велосипед өз иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ұсталған ер азаматтың айтуынша, ол алкогольдік ішімдік алуға ақшасы болмаған соң велосипедті жымқырып, сатпақшы болған.