Түркістанда 1 наурыздан бастап бірнеше бейнебақылау камерасы іске қосылады
Түркістанда 1 наурыздан бастап бірнеше бейнебақылау камерасы іске қосылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі парақшаларында онлайн-көрсетілім форматында брифинг өтті. Брифингте Түркістан облысындағы тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында орналастырылған бейнебақылау камералары туралы айтылды.
Бұл тақырып бойынша спикер ретінде Түркістан облысы Полиция департаменті әкімшілік Полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков қатысып, облыс тұрғындарына хабарландыру жеткізді. Яғни, облыс орталығы – Түркістан қаласына 30 жылдамдық өлшегіш пен 26 көше қиылысына орнатылған Сергек жылдамдық өлшегіш құрылғысы 1 наурыздан бастап іске қосылады.
Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы Тауке-хан, Саттарханов даңғылы мен Қызылорда тас жолы Газпром АЗС тұсында, Кентау тас жолы, Атабай тас жолы, Балтакөл тас жолы, Шымкент тас жолдарында бейнебақылау камералары жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, Жібек Жолы, С.Ерубаев, Б.Майлин, Майкотов, Самара М32 Шымкент, С.Қожанов, Қарадауов, Мега орталығы тұсында, Қазыбек би, Жарылқапов, С.Ерубаев, Алтынсарин, О.Жандосов, Тәуелсіздік 10 жылдық, Бірлік, Шекті Тілеу, Әл-фараби, Сандыбай көшелері қиылыстарындағы бейнебақылау камералары жұмыс істемек.
– Қазіргі таңда облыс бойынша 28 зияткерлік жүйелер іске қосылған. Оның шінде 23-і тұрақты және 5 құрылғы жылжымалы. Бұл зияткерлік жүйелер Түркістан қаласымен қатар облыс аумағынан өтетін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға орнатылған. Аталған бейнебақылау камералары жол-көлік оқиғалары орын алған уақытта дер кезінде анықтап, жедел шаралар қолдануға септігін тигізеді. Сонымен қатар, бұл құрылғылар арқылы облыс полицейлеріне құқық бұзушылықтарды анықтауға және қылмыстарды тезірек ашуға әрі оның салдарын еркін анықтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті А.Тастанбеков.
Сондай-ақ, тікелей эфир кезінде желі қолданушылары тарапынан 50-ге тарта сұрақ келіп түсті. А.Тастанбеков тарапынан сол сәтте нақты жауаптар берілді.