Түркістанда алаяқтық жолмен есепшотына ақша аудартып алған ер адам ұсталды
Түркістанда алаяқтық жолмен есепшотына ақша аудартып алған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданып, белгісіз біреудің алаяқтық тәсілмен есепшотына ақша салдырып алғанын хабарлаған. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Түлкібастық тәжірибелі полицейлерден қылмысты дер кезінде ашып, алаяқты ұстауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары атқарылды. Полицейлер бұл қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстауға барын салды. Қажетті тексеру жұмыстарының нәтижесінде ақша аударылған есепшот анықталды. Ол Қазығұрт ауданының тұрғыны болып шықты. Күдікті ер азамат аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Анықталғандай, ұсталған ер азамат ватсап желісі арқылы жәбірленуші әйелге танысының атын жамыла отырып хабарлама жазып, көмектесу үшін ақша қажет екенін айтқан. Жәбірленуші алаяқтың сөзіне сеніп 40 мың теңге салып жіберген. Қазіргі уақытта күдікті деп танылған ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы тұста полицейлер тұрғындарға ескертеді: кез-келген бейтаныс адамға сенім артудан абай болыңыздар. Сондай-ақ ақша беру, ақша аудару, ақша алу сынды операциялар кезінде мұқият болу қажет.