Түркістанда ардагер полицейлерге мерекелік сый-сияпат көрсетілді
Түркістанда ардагер полицейлерге мерекелік сый-сияпат көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы М.Қабденовтің тапсырмасымен ішкі істер органдарында қызмет етіп, зейнетке шыққан ардагер полицейлерге құрмет көрсетілді. Яғни Түркістан облысы ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев пен қалалық бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сансызбаев, ішкі істер органдары зейнеткерлерінің шаңырағына арнайы барды.
Атап айтсақ, саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, құрметті демалысқа шыққан ардагерлер Бахадир Юлдашев, Ерлан Сүлейменов, Айтпай Сейсенбеков, Берсінбек Болатбековтердің шаңырағына ат басын бұрып, ем-домына көмек пен полиция департаментінің "Алғыс хатын" тапсырды.
Өз кезегінде отставкадағы полицей ардагерлер мерекелік көңіл-күй сыйлап, қал-жағдайын біліп келген жандарға алғыстарын жаудырды.