Түркістанда бас пайдасы үшін темір есік ұрлаған ер адам қолға түсті
Түркістанда бас пайдасы үшін темір есік ұрлаған ер адам қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келеді. Оның айтуынша, бітпей тұрған құрылыс үйіне белгісіз біреулер терезе арқылы кіріп, құны 140 мың теңге болатын темір есігін ұрлап кеткен. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарын бастап кетті.
Кентау ҚПБ-ның полицейлері осы ұрлық жайтын ашу мақсатында оқиға орнына тез арада келіп, қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аймақтарды мұқият тексеріп шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Соның нәтижесінде небары бір тәулік ішінде күдікті ұсталды.
Анықталғандай, ұсталған күдікті азамат жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті деп танылған ер азамат бас пайдасының қажеттілігі үшін осындай әрекетке барған.
Ол түнгі уақытта ешкім жоқтығын пайдаланып, ұрлық жасаған. Сондай-ақ күдікті темір есікті базарлардың біріне сатып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді.