Түркістанда ерлік көрсеткен ел қорғандары құрметке бөленді
Түркістанда ерлік көрсеткен ел қорғандары құрметке бөленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінде қызмет атқару барысында түрлі оқиғаларда тұрғындарды құтқарып қалған полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
"Ерлік ел есінде" тақырыбындағы кездесу бейбіт уақытта ерлік жасаған қызметкерлерді жеке құрамға таныстырып, өзгелерге үлгі ету мақсатында өткізілді. Маңызды шарада аса қауіпті қылмыскерді қолға түсіру кезінде оққа қарсы тұрған батыр полицей Түркістан облысы ІІО мен ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев сөз алды. Ардагер өзінің өмір жолы мен қызметтегі тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар суға батқан, көпірден секірмек болған, пәтер өрті кезінде тұрғындарды құтқарып қалған полицейлер өз оқиғаларын айтып, сол сәттегі әрекеттерін қызметтік міндеттері деп білгенін алға тартты.
Мәселен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен "Ерлігі үшін" медалін иеленген полицей - Дәулет Төретайұлы. Ол 2019 жылы Арыс қаласының тұрғындарын эвакуациялау жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, төтенше жағдайда көрсеткен батылдығы үшін марапатталды.
Ал полиция капитаны Нұрлан Құралбаев алған жарақаттарына қарамастан, қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау кезінде өзінің кәсіби дағдыларын көрсеткені үшін "Ерлігі үшін" мемлекеттік наградасына ие болды. Кездесу соңында өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, адамдар өмірін сақтап қалып, батырлық және батылдық танытқан бейбіт күннің батырлары марапатталды.