Түркістанда отбасылық құндылықтар мен нашақорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Түркістан қаласында отбасылық және демографиялық саясатты қолдауға, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға, сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арналған маңызды кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шарада кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері де талқыланды. Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Жәмила Нұржігітова "Бақытты ел - бақытты отбасы" акциясы аясында отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес әдістері туралы мазмұнды баяндама жасады. Ол отбасының салауатты және қауіпсіз қоғам құрудағы маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткі мен психотроптық заттардың зияны, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың салдары туралы айтып берді. Олар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және заңды қатаң сақтауға шақырды.
Қатысушылар сұрақ-жауап форматында аналардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі, өскелең ұрпақты тәрбиелеу туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ "Мектепке жол" акциясы аясында оқушыларға сөмкелер мен оқу құралдары үлестірілді.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар отбасылық құндылықтарды нығайтуға және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.