Түркістанда полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша кездесу өткізді
Түркістанда полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша педагогтар мен ата аналарға арнап кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Шәкімнің басшылығымен өңірдегі білім беру саласының қызметкерлеріне арналған интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша маңызды кездесу өтті.
Аталған шараға облыс аумағындағы 938 білім беру ұйымының қызметкерлері “zoom” платформасы арқылы қатысты. Жалпы жиынға 4 мыңнан астам педагог пен 3 мыңға жуық ата-ана қосылып, өзекті тақырып төңірегінде пікір алмасты. Онлайн-кездесуде полицейлер интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері мен олардың жасалу тәсілдерін және жеке деректерді қорғаудың тиімді жолдары жайлы түсіндірді.
Сондай-ақ полицейлер онлайн төлемдер жасау кезінде сақтық шараларын сақтау, күмәнді сілтемелер мен хабарламаларға сенбеу, бейтаныс тұлғаларға банк картасы мен деректерін бермеу жөнінде кеңес айтты.