Түркістанда полиция басшысы тұрғындарға есеп берді
Түркістанда полиция басшысы тұрғындарға есеп берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов облыс тұрғындарымен кездесу өткізіп, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқық қорғау саласындағы атқарылған жұмыстар жайында есеп берді.
Жиын барысында ведомство басшысы облыстағы қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі 3,2%-ға төмендегенін атап өтті. Ұрлық – 38,7%-ға, мал ұрлығы – 43,7%-ға азайған. Сонымен қатар пәтер ұрлығы бойынша 8, алаяқтыққа қатысты 23, мал ұрлығына байланысты 16 қылмыстық топтың жолы кесілген.
Кездесуде азаматтар құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты өз сұрақтарын қойды. Шардара тұрғыны интернет-алаяқтық фактісі бойынша шағымданып, материалдық шығын келтірген тұлғаларды анықтауды сұрады. Бұл мәселеге назар аударған департамент бастығы Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасына тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
Кентау қаласының тұрғыны оның атынан заңсыз несие рәсімдеген алаяқтарды әшкерелеуге көмектескен полицейлерге ризашылығын білдірді. Ал Түркістан тұрғыны қылмыстық істің дұрыс тергелмегенін айтып, шағымын жеткізді. Бұл дерек бойынша жергілікті полицияға объективті тергеу жүргізу тапсырылды.
Мұрат Қабденов өз сөзінде полиция ұжымы заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қорғау бағытында жұмысты жалғастыра беретінін айтты. Сондай-ақ, халық сеніміне ие болу – басты мақсат екенін ерекше атап өтті.