Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда полиция мен еріктілер есірткі жарнамаларын жойды

Түркістанда полиция мен еріктілер есірткі жарнамаларын жойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында есірткіге қарсы күрес пен құқықтық тәртіпті нығайту бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері бұл іс-шараларға 59 мыңнан астам адам – оқушылар, студенттер, ата-аналар мен жергілікті тұрғындар тартылған.

Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы нашақорлықтың алдын алу мақсатында арнайы акция ұйымдастырды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен еріктілер бірлесіп, Түркістан және Кентау қалаларындағы көпқабатты үйлер мен қоғамдық орындарда жазылған, есірткі саудасын насихаттайтын 80-нен астам граффити жазуды жойды.

Сонымен қатар тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, есірткінің зияны мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы жөнінде ақпараттық жадынамалар таратылды.

Полиция өкілдері есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын, сондай-ақ прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау – ауыр қылмыс екенін ескертеді. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік, оның ішінде бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қоғамның денсаулығы мен болашағы үшін күрес – әрбір азаматтың ортақ борышы екенін ұмытпайық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру