Түркістанда “Қорғау” бағдарламасы арқылы көлігіне жалған нөмір тағып жүрген жүргізуші ұсталды
Түркістанда полицейлер “Қорғау” бағдарламасы арқылы жалған нөмір тағып жүрген көлік жүргізушісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті – қоғам тыныштығын сақтау, түрлі жол қозғалысы кезіндегі оқыс оқиғалардың алдын алып, қылмыспен күресу жолында табанды қызмет ету.
Осы тұрғыда Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері тәулік бойы рейдтік шараларды ұйымдастырып, тыныштық сақтауда белсенді қызмет атқарады.
Мәселен “Қорғау” бағдарламасымен жұмыс жасаған инспектордың қызметтік планшетіне Mercedes автокөлігінің жалған нөмір тағып жүргені туралы дабыл берілді. Осы бойынша іске кіріскен полицейлер аталмыш көліктің жүрген жерін нақтылап, дер кезінде тоқтатты.
Анықталғандай, жүргізуші өзінің мемлекеттік тіркеу нөмірінің орнына басқа көлікке тиесілі ресейлік нөмір тағып жүрген.
Осыған байланысты жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік шара көрілді.
Жүргізуші кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеті үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай заңсыздыққа жол бермейтінін жеткізді.