Түркістанда танысын 2 жылдан бері алдап жүрген ер адам ұсталды
Түркістанда танысын екі жылдан бері алдап жүрген ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, шетел азаматы құрылыс жүріп жатқан үйіне 10 есік, екінші қабатқа көтерілетін баспалдақты жасап беретінін айтып, 3,5 млн теңге ақшасын алған. Жәбірленуші екі жыл бойы алаяқтың сөзіне сенген, алайда ол не ақшасын қайтармаған, не уәдесін орындамаған. Осы мәселенің түйінін шешу мақсатында жәбірленуші азамат полицейлердің көмегіне жүгінді.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚҚ-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.
Түркістан ҚПБ-ның полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні ұстады. Күдікті Өзбекстан елінің азаматы болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті танысын екі жыл бойы әртүрлі сылтауларды айтып, сендіріп келген. Ал сабыры таусылған жәбірленуші алаяқтың құрбаны болғанын сезіп, полициядан көмек сұраған. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.