Түркістанда тәртіп сақшысына пара бермекші болған жүргізуші ұсталды
Түркістанда тәртіп сақшысына пара бермекші болған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері тәулік бойы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау, қауіпсіздік ережесін сақтау мақсатында патрульдік полиция қызметкерлерімен қарқынды жұмыс жүргізуде. Осындай кезекті жұмыс күнінде Түркістан ҚПБ-ның ЖПҚ ППР-ның инспекторы полиция аға лейтенанты Нұржан Күмісбаев Түркістан қаласының С.Ерубаев пен Ш.Айманов көшесінің бойында жол ережесін өрескел бұзып, бұрылыс жасауға болмайтын жерден бұрылған Toyota маркалы автокөлікті байқап, тоқтатады.
Жүргізуші тоқтағанымен, полицей сұраған автокөлікке тиесілі құжаттарын беруден бас тартып, ақша бермек болады. Өзінің құқық бұзған әрекеттері үшін полицейлер тарапынан қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біле тұра, оны болдырмау мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне пара ұсынады.
Қазіргі уақытта жүргізушінің тәртіп сақшысына пара бермек болғаны үшін ҚР ҚК-нің 367-бабы 1-бөлігі (Пара беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал жол ережесін бұзғаны үшін жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабымен (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау) хаттама толтырылды.