Түркістанда тұрғындардан 40 млн теңгеден астам ақша алған бұрынғы банк қызметкері ұсталды
Түркістандық полицейлер тұрғындардың 40 миллионнан астам ақшасын алаяқтық жолмен алды деген күдікпен бұрынғы банк қызметкерін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына шұғыл хабарлама келіп түскен. Онда банктердің бірінің қызметкері өзгелердің атынан несие алғаны туралы көрсетілген. Орын алған қылмысты түркістандық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алып, оқиғаның толық мән-жайын анықтауға бірден іске кірісті. Белгілі болғандай, банкте аға менеджер болып жұмыс істейтін жас жігіт алдына қандай да бір мәселемен келген азаматтардың құжаттарын қолдана отырып, олардың атынан несие рәсімдеп отырған. Барлығы 11 адамның атына несие шығартып, 3 азаматтың депозиттеріндегі ақшаларын жасырын түрде аударып алған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 40 миллион теңгеден асқан. Оған қоса жас жігіт алаяқтық жолмен иеленген ақшаларды құмар ойындарға салып жібергенін мойындады. Және өзінің қызметтік міндетін асыра пайдаланған күдікті жергілікті тұрғын болып шықты.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді. Банктік карточкаларыңыз бен жеке куәлігіңізге, жалпы құжаттарыңызға ұқыпты болыңыздар. Егер, осындай алаяқтықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.