Түркістанда тұрғындарға "Есірткіге жол жоқ" логотипі бар тегін бетперде таратты
Түркістанда тұрғындарға "Есірткіге жол жоқ" белгісі бар екі мың дана бетперде тегін таратылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес ТО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері өзгелерге үлгі боларлықтай іс-шара ұйымдастырып, "Есірткіге жол жоқ" логотипі бар тегін бетперде таратты. Іс-шараның негізгі мақсаты - есірткі қылмысының алдын алу және болдырмау, оған қоса коронавирус індетінің таралуына тосқауыл қою.
Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ бастығының орынбасары Нұрлыбек Әлібекұлы: - "Есірткіге жол жоқ" ұранымен бастау алған шарада Түркістан қаласының тұрғындарына логотипі бар екі мың дана бетперде таратылды. Көбіне адамдар көп шоғырланатын орындарға, саябақтарға, көпқабатты тұрғын-үй аулаларына, базар аймағына барып, көпшілік орында маскалық режимдің сақталуының маңызы зор екенін түсіндірдік. Одан бөлек тұрғындарды қорғаныс заттарын (бетперде, антисептик, қолғап) үнемі қолдануға шақырдық, - деп атап өтті.
Сонымен қатар аталмыш шара басқа да аудан, қалалық полиция бөлімдерінде жалғасын табуда. Сондықтан әрбіріміз індет бар кезде бетперде тағып, денсаулығымызға немқұрайлы қарамайық. Жақынымызға жанашыр болайық.