Түркістанда тұрғынның скутерін ұрлаған күдікті анықталды
Түркістанда тұрғынның скутерін ұрлаған күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын ұрлық қылмысының құрбаны болғанын жеткізді. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, түнгі уақытта белгісіз біреу подъезде тұрған скутерін ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі – 650 мың теңге.
Полиция қызметкерлері аталған деректі ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, тез арада қылмысты ашуға кірісті.
Шұғыл іздеу шараларына жұмылдырылған тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, қажетті тексеру амалдарын жүргізді. Көрген-білгендерден сұрастырды. Тыңғылықты тексеру нәтижесінде бір тәулікте күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жергілікті тұрғын, жас жігіт болып шықты. Одан жәбірленушінің мүлкі тәркіленіп, өз иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда жас жігіттің ұрлық әрекетіне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.