Түркістанда ұры бөтеннің бөлмесіне кіріп, құлаққапты қолды қылды
Түркістан полицейлері құлаққапты алу үшін тұрғынды тонаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласы ПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданып келеді. Ол өз арызында белгісіз біреудің ұйықтап жатқан кезінде заңсыз жатын бөлмесіне кіріп, құны 70 мың теңге тұратын сымсыз құлаққабын жымқырып кеткенін айтқан.
Аталған жайтты полицейлер тез арада ҚК 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді. Оқиға орын алған жерді мұқият қарап, қажетті шараларды атқарады. Орын алған қылмысты жедел түрде ашу мен күдіктіні ұстау мақсатында жасалған жедел жұмыстар небары тәулік ішінде өз нәтижесін берді. Қаланың тәжірибелі қызметкерлері күдікті ер азаматты тұрғылықты үйінен ұстайды.
Ол Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде күдікті ер азаматқа «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды.
Түркістан облысының полицейлері осы сәтті пайдалана отырып, кезекті рет ескертеді: өз бағалы заттарыңызға, мүліктеріңізге әрқашан мұқият болыңыздар! Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Дер кезінде берілген мәліметтің қылмыстың «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік беретінін естен шығармаңыз.