Түркістандық полицей көлігі қарға батып қалған жолаушыларға көмектесті
Түркістан облысының учаскелік полиция инспекторы жолда қарға батып қалған көліктің жолаушыларына көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөлімі ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы Думан Досбаев күнделікті қызмет атқару барысында ауа райының аязды болуына байланысты қолайсыз жағдайға тап болған жолаушыларға көмек көрсетті. Яғни, қарға батып қалған көлікке қолғабыс етіп, алғыс алды. Қызметтік көлікпен тартып шығарып, жолаушылардың ризашылығына бөленді.
Нақтырақ айтсақ, жүргізуші өзінің Daewoo Nexia көлігімен Бәйдібек ауданы, Алмалы ауылдық округі, Шыбық бел асуында қар құрсауында қалып қояды. Байланыс болмағандықтан, ешкімге хабарласып, көмек сұрай алмайды. Дәл осы сәтте өзіне бекітілген аумақта қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап жүрген учаскелік полиция қызметкері тоқтап тұрған көлікті байқап қалады. Қалың жауған қар салдарынан батып қалған көлікті құрал-жабдықтарымен тазалайды. Кызметтік көлігімен тартып шығарып, қолдан келгенше жәрдем етеді. Біраз уақыт жолда қалған жүргізуші мен жолаушылар полицейге шынайы ризашылықтарын білдірді. Көлік ішінде үш ересек жолаушы мен кішкентай бала болған.
– Күн суытып, қар бораған сәтте жолға шыққанбыз. Алайда көлігіміз қарға тығылып қалып, жол үстінде қиналып қалдық. Қайта полиция қызметкері келіп, бізді құтқарды. Полицей Думанға рақмет. Ол болмаса, біз жолда, суықтан үсіп қалар едік. Арамызда кішкентай бала бар. Тәртіп сақшыларына алғысымыз шексіз. Алла разы болсын, – деп алғыс айтты жүргізуші.