Түркістандық полицейлер балалар үйіндегі 10 балаға демалыс орнына жолдама тарту етті
Мереке қарсаңында түркістандық полицейлер балалар үйіндегі 10 балаға демалыс орнына жолдама тарту етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында арыстық полицейлер қауырт қызметтеріндегі санаулы сағаттарынан уақыт тауып, балалармен бірге уақыт өткізді. Арыс аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмас Мырзахметов пен оның орынбасары Қылышбек Жетібаев жеке құрам атынан Т. Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы КММ-ге арнайы барып, оларды қуантып қайтты. Аудандық полиция қызметкерлері өз еріктерімен қаражаттарын жинақтап бір ауыздан балалардың Көкшетау мен Қапшағай қаласындағы сауықтыру лагеріне 10 балаға қысқы демалысқа баруына жолдама берілді, сый-сияпаттар үлестірілді.
Тәртіп сақшыларына балалар алдын ала дайындаған мерекелік іс-шараларын ұйымдастырып, өнерлерін көрсетті. Патриот әндерді шырқап, мың бұрала би биледі. Шара соңында ауданның бас полицейімен әңгімелесіп, балалар армандарын айтып, алға қойған мақсаттарымен бөлісті.
Тәртіп сақшыларының мұндағы басты мақсаты – тағдыр тәлкегіне түскен балаларға мейірім пен қуаныш сыйлау. Өз тараптарынан мүмкіндігінше қамқорлық таныту.
Біз де өз кезегінде балаларды қуантып, мерекелік көтеріңкі көңіл күй сыйлаған сақшыларға абыройларыңыз артып, адал қызмет ете беріңіздер. Жетім көрсе жебей жүретін жанашыр жандар қатары көбейе берсін.
(бейнежазбаны балалар түсіріп алып, өздері өңдеген)