Түркістандық полицейлер банк қызметкерлеріне ұсыныстарын айтты
Түркістандық полицейлер банк қызметкерлеріне ұсыныстарын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінде «Ғаламтор желісінде жасалған алаяқтық қылмыстармен күресу үшін тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру құжаттарын тергеу барысында туындаған проблемалық мәселелерді талқылау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Оған Түркістан облысы Прокуратурасы 1 басқармасының аға прокуроры Сұлтан Батталов, екінші деңгейдегі банктердің, ұялы байланыс операторларының өкілдері, тергеушілер мен жедел уәкілдер қатысты. Дөңгелек үстел Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Саховтың төрағалығымен өтті.
Алаяқтық қылмыстарының ашылуы мен жедел жұмыстарды атқаруды тікелей бақылап, қызметкерлерге тапсырма беріп жүрген басшы Қ.Сахов алғы сөзді сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге кеңінен тоқталды.
– Қылмысты ашуда, қылмыскерді ұстауда біз жедел шараларды жасап, тиісті жұмыстарды жандандырып жатырмыз. Десек те, осы алаяқтарға алданып, банк қызметкерімін деп айтты, ұялы телефоныма байланысып жеке мәліметтерді сұрады деушілер өте көп. Сондықтан қарапайым тұрғындар сан соғып қалмас үшін бірлесіп, алаяқтарға тосқауыл болайық. Халықты банк қосымшаларына арнайы ескертпелерді жазып, сақтандырайық. Қылмыстың алдын алайық, – деді Қ.Сахов
Дөңгелек үстелде 9 нақты проблемалық мәселе ортаға салынды. Сондай-ақ, полиция басшысы алты ұсыным айтты. Яғни, мобильдік қосымшаларға басты бетке екі тілде сақтандыру, банк бөлімшелеріне ескерту шаралары бар баннерлер орналастыру, екінші деңгейлі банк операторлары арқылы тұтынушыларға ескерту, тұрғындар алаяқтың құрбаны болған жағдайда банк жедел түрде алынған ақшаның түбірін анықтап, тез арада бұғаттау жасау.
Кездесуге жиналғандар да өз пікірлерін білдіріп, полицейлер тарапынан берілген ұтымды ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді. Осылайша алаяқтық қылмыстарын азайтуды мақсат тұтқан дөңгелек үстел қорытындыланып, ұсыныстар бойынша жұмыстар атқарылып, жарты жылдықта тағы да кездесетін болып уәделесті. Киелі өңірдің сақшылары алаяқтарды азайту мен қарапайым тұрғындарды олардың құрығынан сақтандыру үшін жүйелі жұмыстарды одан әрі қарай жалғастыра беретін болады.