Түркістандық полицейлер екі бірдей тұрғынды тонаған күдіктілерді құрықтады
Түркістандық полицейлер екі бірдей тұрғынды тонаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан арыз келіп түсті. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, күндізгі уақытта жолай кезіккен белгісіз біреулер қорқытып, одан ақша талап етіп, қалтасындағы бар қаржысын жымқырып кеткен. Полицияға дәл осы күні тағы бір жәбірленуші ер адам хабарласып, автовокзал маңында белгісіз екеу күш қолданып, ұрып-соғып, қолындағы Samsung А41 телефонын алып кеткенін айтты. Ұрланған телефонның құны шамамен 150 мың теңге болған.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеуге алынды.
Бір күнде екі бірдей тұрғынды тонаған күдіктілерді ұстау мақсатында Түркістан қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде тәулік ішінде осы іске қатысы бар екеудің жеке басы анықталып, ұсталды. Олар бұрын сотты болған кентаулық тұрғындар болып шықты. Тергеу барысында күдіктілерден айғақты заттар тәркіленді. Қазіргі таңда екі күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.