Түркістандық полицейлер көлігіне тапанша сақтаған тұрғынды анықтады
Түркістандық полицейлер көлігіне тапанша сақтаған тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан ҚПБ-ның полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Осындай кезекті көше бойын патрульдеу барысында бір көлік күдік тудырады. Полицейлер тексеру кезінде көліктің артқы бөлігіндегі қолсөмкенің ішінен Макаров тапаншасы мен оқ дәрілер, сондай-ақ сигналдық тапаншаны табады. Тәртіп сақшылары жүргізушіден айғақты зат ретінде қаруларды тәркілеп алып, ПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркеді. Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.