Түркістандық полицейлер “Спорт – өмір/Sport – life” челленджін аяқтады
Түркістандық полицейлер “Спорт – өмір/Sport – life” челленджін аяқтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған Ішкі істер министрлігінің іс-шаралар жоспарына сәйкес “Спорт – өмір/Sport – life” челленджі өткізілген болатын. Екі аптаға созылған бұл шарада өңірлік департаменттер өз үлестерін қосып, спорттық шаралар ұйымдастырып, бейнежазба арқылы бір-біріне тапсырды.
“Соңғы түйенің жүгі ауыр” дегендей, аталмыш шараны қорытындылау Түркістан облысы Полиция департаментіне бұйырды. Киелі өңірдің полицейлері челленджді Шымкент ПД-нен қабылдап алды. Бұл спорттық челленджде Түркістан облысының тәртіп сақшылары жаттығу залындағы дайындық сабақтарын, бокс, күрес, дзюдо, самбо, жүзу, ату бойынша өз шеберліктерін, жауынгерлік әдіс-тәсілдерін көрсетті. Тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Полицейлердің ептіліктері мен шапшаңдықтарын, мергендік пен спортқа деген қызығушылығын одан сайын арттыру мақсатында, ұйымдастырылған шара осылайша өз мәресіне жетті. Ең бастысы спортты серік етуді дағдыға айналдырайық! Спорт – өмір көркі екенін естен шығармайық!