Түркістандық полицейлер тұрғынның ауласынан сора есірткісін тәркіледі
Түркістандық полицейлер тұрғынның ауласынан сора есірткісін тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz
Жыл басынан бері облыс полицейлері есірткі еккендер, тасымалдағандар мен сатқандарға қарсы іс-қимыл шаралар күшейтті. Облысқа қарасты барлық қала, аудандарда рейдтік-профилактикалық шаралар жүргізуде.
Мәселен, Түркістан ҚПБ қызметкерлері тұрғын үйінің ауласында есірткі тектес сора өсімдігін өсірген ер азаматты ұстады.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Жедел құрылған полицейлер тобы күдіктінің ауласындағы бау-бақшасынан сора өсімдігін тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алды. Сараптама тағайындалды. Қорытындыға сәйкес, алынған түптер 100 грамға жуық сора есірткісі болып шықты. Қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары тұрғынның сора есірткісін өзінің ауласында не себепті өсіргенін анықтауда.