Түркістандық полицейлер тұрғынның жоғалған екі хаски күшігін тауып берді
Түркістандық полицейлер тұрғынның жоғалған екі хаски күшігін тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласы полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып келді. Ол арызында құны 100 мың теңге болатын екі хаски күшігінің түскі уақытта үйінен шығып кетіп, өз еркімен іздегенімен, осы уақытқа дейін таба алмағанын айтып көрсеткен. Яғни жәбірленушіге келтірілген шығын – 200 мың теңге.
Қымбат күшіктердің иесі өзінің іздестіруінен нәтиже шықпаған соң полицейлерден көмек сұрайды. Бұл жайт қалалық полиция басқармасына тіркеліп, жоғалған күшіктерді іздеу жұмыстары жүргізіледі. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық көшелерді аралап, нәтижесінде жоғалған хаски күшіктерді тауып иесіне қайтарды. Жәбірленуші азамат түркістандық полицейлерге алғыс білдірді.
– Мен қымбат күшіктерімді жоғалтып алған соң, Түркістан ҚПБ-ның полицейлерінен көмек сұрадым. Олар бірден күшіктерімді іздеуге кірісті. Алғысымды айтамын, тауып бергендеріне. Барша полиция қызметкеріне алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге үлкен рахмет!
Түркістан облысының полицейлері қырағы болу және жануарларыңызды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.