Түркістандық полицейлер велосипед пен самаурын ұрлаған күдіктіні ұстады
Түркістандық полицейлер велосипед пен самаурын ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына тұрғын Урал велосипедінің ұрлағандығы жөнінде арызданған. Тұрғынының айтуынша, оның дүкен жанына қойып кеткен 60 мың теңгелік велосипедін, сондай-ақ үш дана самаурынын белгісіз адамдар жымқырып кеткен. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 160 мың теңгені құрайды.
Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, тұрғынның мүліктерін ұрлаған ұрыны іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алып, дүкен мен көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді. Полицейлер олардың бірінен бейтаныс ер адамның велосипед пен самаурынды алып, белгісіз бағытқа жасырынғанын байқады. Күдіктінің белгілерін алған түркістандық полицейлер көшелер мен аулаларды аралай бастады.
Іздестіру нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні ұрлық орнынан 1-2 шақырым жерден «ізін суытпай» ұстады. Ол өз әрекетін толық мойындады. Учаскелік инспекторлар орта жастағы ер адамнан ұрланған айғақты заттарды алып, заңды иесіне қайтарды.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мүліктеріңіздің сақталуы үшін мұқият болу керектігін ескертеді.