Түркістанның учаскелік полиция инспекторлары үйінде құлыптанып қалған жалғызбасты әйелге көмектесті
Түркістанның учаскелік полиция инспекторлары үйінде құлыптанып қалған жалғызбасты әйелге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласындағы №4 учаскелік аймақтың инспекторлары Олжас Ерсұлтанов пен Мұхтар Ерманов екеуі күнделікті өздеріне бекітілген аумақтың тыныштығын қадағалап жүреді. Кенет көпқабатты пәтерлердің бірінің есігін біреу іштей бұзып, шыға алмай жатқан секілді дауыс естиді. Жағдайға жедел ден қойған тәртіп сақшылары, пәтер есігіне жақындап, не болып жатқанын сұрайды. Іштегі әйел болса, көмектесулерін, есігі іштен құлыптанып қалып, ашылмай жатқанын жеткізеді. Дереу әрекетке көшкен полицейлер, тез арада оң шешім қабылдайды. Полицейдің бірі аталмыш үйдің сыртқы терезесіне өрмелеп шығу арқылы, пәтерге енеді.
Осылайша бір полицей ішкі жағынан, екіншісі есіктің сыртқы бетінде тұрып, бар күштерімен есіктің ашылуына жұмыс жасайды.
Нәтижесінде тұрғынның есігін ашып береді. Полицейлер көмек көрсетіп болған сәтте, әйелдің үйіне ағасы кіріп келеді. Белгілі болғандай әйел бастапқыда жолына үш сағат уақыт жұмсайтын көрші ауылдағы ағасына хабарласып, көмек сұраған, алайда жақыны жетемін дегенше полицейлер дер кезінде жәрдем беріп, алғыс алды.
Осы тұста үйдің егесі полицейлерге алғысын жаудырды. Бірнеше сағат есігін аша алмай әбігерге түскенін, осы аралықта полицейлер келіп қолдан келгендерін жасап, есігін ашып бергенін алға тартып, жұмыстарына табыс тіледі. Ал көршілері болса:
– Учаскелік полицейлер деген осындай болу керек. Халықтың амандығы, тыныштығы үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз жана берсін! Қиындыққа тап болған жанның қасынан табылу, қолдау көрсету кез-келген жанның қолынан келмейді. Сондықтан жігіттерге ризамыз!, – деді.
Мұндай жағдай Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінде бірінші рет емес, өйткені тәртіп сақшылары өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерімен қатар кез-келген орын алған жайттарға немқұрайлы қарамай, жедел түрде алғашқы көмектерін көрсетіп келеді.