Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда ЖҚАЖ қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті

Түркістан облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағындағы әрбір қызметкер өзінің қырағылы мен жұмысқа деген жауапкершілігі бойынша ерекшеленеді. Себебі олар түрлі жағдайларда, қылмыстық топты құрықтау мен өзге де төтенше сәттердегі дабыл қағылуларда дайын жүреді, - деп хабарлайды Polisa.kz.

Жедел жасақ полицейі қауіп пен қатердің, тәуекелдердің арасында жүргендіктен, олардың жұмыстары айтуға да, жасауға да оңай емес. Бұл шыныққан, шыңдалған мамандардың ғана қолынан келетін қайратты іс.

Жасақ қызметкерлері дене шынықтыру даярлығымен және жауынгерлік күрес тәсілдерімен, атыс даярлығымен күнделікті шұғылданып, әркез жауынгерлік әзірлікте жүреді. Оған қоса спортты серік етіп, әлемді бағындырған, тіптен күш-қайратымен рекорд орнатқандар да осы саланың қызметкерлері.

Мәселен Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында арнайы күштердің VI Халықаралық турниріне қатысып, командалық есепте ІІ орын иеленген полиция қызметкері Айнұр Ақжігітова. Ол әлемдік жарысқа ҚР ІІМ-нің атынан тұңғыш рет қатысқан "Томирис" әйелдер командасының белді мүшесі.

Ал полиция аға лейтенанты Парасат Жолдасбек өзінің ерекше қабілетті, өте шымыр, күш атасын танымас мықты екенін дәлелдеп, 10 келі болатын гантельді ұстап, 1 минутта 30 рет бір аяқпен отырып-тұрып, Қазақстанның рекордын орнатты. Бұл көрсеткіш еліміздің рекордтар кітабына енді.

Жеңімпаз полицейлер бұл - күнделікті қызмет барысында тұрақты түрде атқарылатын дайындықтар мен жаттығулардың көрсеткіші деп біледі.

Бүгін осынау шынығу мен жауапкершілік жүгін арқалаумен жүретін жедел жасақ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Марапат пен алғыстар оларды қанаттандырады. Сондықтан мерекелеріңізбен ел қорғандары!

Жауапкершілік пен жанқиярлықты ту еткен жедел жасақ қызметкерлері үшін кәсіби мереке – ерекше құрметтің белгісі. Қоғам тыныштығы жолындағы қажырлы еңбектері еленіп, марапат пен алғысқа ие болған әрбір сақшы – ел қорғанының нақты бейнесі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру