Түрмеде теологиялық сауаттандыру жұмыстары жүргізілді
Ақтөбедегі түзеу мекемелерінде теологтардың ақпараттық-насихаттау жұмыстарымен сотталғандардың өз беттерімен сауаттарын арттырып, танымдарын кеңейту шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Ақтөбе облысы бойынша «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қоры теологтары және Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен бірлесіп дөңгелек үстелде бірқатар мәселелер қаралды.
– Бүгінгі жиын – экстремизм және терроризм баптарымен түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші сотталғандар арасында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізу тақырыбына арналған. Басқосудың басты мақсаты- алдағы күндері жазасын өтеп жатқан сотталғандармен атқарылатын жұмыстарды айқындау және туындайтын көкейтесті мәселелерді шешу. Сол сияқты, теріс діни ағымда жүрген сотталғандарды еліміздегі шариғатқа қайшы келмейтін кез келген дәстүрлерімізді ұстануға мүмкіндік беретін дәстүрлі діни көзқарасқа бейімдеу болып табылады, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы тобының бас маманы Руслан Тулегенов.
– Жұмыс жоспарымызға сай, алдағы күндері сотталғандармен белгілі бір тарихи-танымдық кітаптарды оқып, сол кітапты оқып бітіргеннен кейін оны талқылау, жарыссөздерге арналған басқосулар ұйымдастыратын боламыз. Бұл шаралар- орталықтың «ұлттық құндылықтар туралы» жоспарына сай өткізілетін болады,- дейді «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қоры өкілдігінің басшысы Төлеген Талдыбаев.
Айта кету керек, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті басшылығының нұсқаулығымен, түзеу мекемелерінде тәрбие бөлім басшыларымен жазасын өтеушілерге ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін әдебиеттерді оқуға арналған түрлі танымдық сабақтар, әдеби-мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі.